Қ. Қ. Батталов
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
С. Торайғыров атындағы
Павлодар мемлекеттік университеті,
Тарих және мәдениет институтының директоры
Павлодар қ., Қазақстан
М. И. Рахимов
Л. Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті,
Тарих факультетінің 1 курс докторанты
Астана қ., Қазақстан
Дәстүрлі қазақ қоғамында әулиесін ұмытқан ел азады деген түсінік бар. Сондықтан Ұлы Ертіс өңірінің киелі географиясын зерттеуде бойына қасиет дарыған әулиелерден бастаған жөн. Себебі халықтың танымы бойынша әулиелер аяқ басқан жерлер киелі саналып, маңызды ғибадат орындарына айналып жатады. Сондай – ақ, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» -деген еді [1]. Сол себепті киелі жерлеріміз бен әулие – әнбиелеріміздің тарихи тұлғалық бейнелерін қайта тану арқылы болашақ ұрпағымызды тәрбиелейміз, рухани құндылықтарымызды қайта қалпына келтіреміз.
Дегенмен өлкеміздегі ерекше рухани шырақ жаққан ізгі жандар туралы толыққанды дерек білетін, олардың кереметтеріне куә болған адамдар бұл өмірден өтіп кетті. Дер кезінде жүйеленбегендіктен көптеген деректер бізге жетпей қалды. Сондықтан ауызша тарихи дәстүрге және хатқа түсіп бізге жеткен деректерге сүйене отырып, ғылыми мақаланы барынша жүйелеуге тырыстық.
Әуелі «Әулие» сөзінің этимологиясына тоқталсақ, бұл терминді терең талдайтын ғылыми зерттеу жұмысы болған жоқ. Оның орнына ғылыми әдебиеттерде, түсіндірме сөздіктерде әр түрлі тәпсірлер беріледі. Мәселен Қазақ ұлттық энциклопедиясында (Әулие – араб тілінен желеп – жебеуші) – ерекше дарындылығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға. Әулиелер туралы түсінік барлық діндерде кездеседі. Христиан дінінде «великомученик» (қасірет шегуші) немесе «блаженный» (дәруіш) деп көрсетілген [2, 21 б.] . Ислам дінінде, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. ұрпақтарын «әулие – әнбие» деп атаған. Ислам энциклопедиясында: «Әулие діни наным бойынша тірілердің тағдырына ықпал жасай алатын қасиетті, киелі адамдар» - делінсе, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: 1. Әулие - 1) Құдай жолын қуып, дін уағыздаушы адам; 2) Айтқаны келетін сәуегей адам. 3) Ауысп. Қадірлі, қасиетті. 4) бір нәрсенің ең жақсысы. 2. Әулие-әнбие – барлық қасиетті аруақтар. – деп көрсетілген [3, 94 б.].
Бұл анықтамалардың әр қилы талдануы туралы Ш.Ш. Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары» атты мақаласынан жауабын табамыз: «Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла мен тәңірге бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдыретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын-перілерімен қоса мұсылмандардың періштелерін шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған. Екі дінге бірдей табыну осы күнге дейін келіп жалғасты» – дейді [4, 94 б.].
Батыстық тарихнамада әулиелік құбылысты әлеуметтанушы Э. Дюргейм ғылыми түсінік беруге келмейтін, тылсым мистикалық күш, яғни трансцендентальды (лат. transcendens –шектен шығу) деп атаған. Дюргейм бойынша қоғамдық топтар өздерінің әлеуметтік және моральдық ниеттеріне қасиеттілік бейнесін, нышандарын береді. Сол арқылы ұжымдық талаптарға табынуды талап етеді [5, 368 б.].
Сонымен әулие кім? Әулиелердің өлшемі қандай? Адам тұлғалық деңгейден әулиелік дәрежеге қалай өтеді? Осы сауалға қатысты Әнуарбек Қосанов «Атыраудың әулиелері» еңбегінде: «Әулие алдымен тарихи тұлға. Ол – ойдан шығарылмаған, белігілі бір кезеңде өмір сүрген қасиетті адам. Әулие бала күнінен бойына ғажап дарындылық дарытып, тірілердің өміріне тылсым күшпен ықпал еткен». Ендеше Жаратқанның ерекше қасиетке бөлеген тұлғасы, көзі тірісінде халыққа өлшеусіз қызметі сіңген адам деп танығанымыз жөн [6, 3 б.].
Тарихшы Хангельді Әбжанов «әулие» терминінің мағынасына келесідей түсініктеме береді: ««Әулие» – қазақ тіліне арабтан енген сөз. Түпжаратушының досы, адамды дұрыс жолдан адастырмаушы дегенді білдіреді. Ендеше, «Әулие», «Әулиелі» сөздері тек дінге, діни сакралды географияға қатысты мағынада қолданылуы керек» – дейді [7, 8 б.]. Ғалымның осы тұжырымымен толық келісуге болады. Осыған қатысты Ш.Ш. Уәлихановтың: «Табиғат пен жаратылыстың барлық тосын құбылыстары көрініс берген жерлерді қасиетті деп санайды. Ол жерлерде әулие түнеп кетті немесе болды деп ұғады» - деп, әулиелер қоңыс тапқан немесе жерленген жердің киелі екендігінің мағынасын ашады [4, 80 б.].
Ұлы Ертіс өңірі киелі жер толы деп айтуға болады. Себебі бұл жерде әр кезенде өмір сүрген әулие – әнбиелердің қоңыс қылған немесе жерленген орындары сақталып бізге жеткен. Тарихшы ғалымдар Б.Е. Көмеков және Ж.О. Артықбаевтың мәліметтерінше араб саяхатшыларының еңбектерінде ІХ ғасырда Қимақ мемлекетінің негізін қалаған кимек жұрты Ертісті «құдай» деп есептеп құрбандық шалып, мінәжаттық рәсімдер ұйымдастырып отырса керек. Сондықтан Ертіс өзені халықтың діни-культтік дүниетанымында қасиеттілікке ие болған екен.
Ертіс өңірінен бізге сақталып жеткен көне киелі нысандар қатарына Қоңыр әулие үңгірін жатқызамыз. Үңгірге қазақтар көнеден бері келіп зиярат жасайды екен. Адамдар басында түнеп, әйелдер қауымы перзент сұраса, ауырғандар денсаулығына шипа тілейді екен. Үңгір жайында мәліметтерді Н. Коншиннің «Труды по казахской этнографии» еңбегінде жолықтырамыз. Әулиетас немесе Қоңыр әулие деп атайтын үңгір туралы ол: «Пещера Аулие – тас, находящаяся в западных склонах Баянаульских гор, считается одним из святых... . Все обряды казахов, связанные с пещерами, восходят к древнейщим понятиям и мировоззренческим устоям древних племен Казахстана. Это прежде всего представление об ином мире, где находятся источники здоровья, жизни, плодовитости и т.д. Не зря рядом с пещерой Коныр Аулие мы находим многочисленные гроты и древние капища, разрисованные солнцеголовыми существами» [8, 34 б.]. Н. Коншиннің бұл көнеден келе жатқан дәстүр деп айтуының себебі, Қоңыр әулие туралы аңызбен байланысты. Нұқ пайғамбардың үш ұлы Қоңыр, Қыран, Құлан топан су қайтқаннан кейін Баянауыл жерінде тұрақтапты. Қоңыр Жамбақы жеріндегі тауларды, Қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекендегені және аңыз бойынша әр кез адамзаттың қажеттілігіне байланысты көмек жасап тұрады екен [9].
ХVII ғ. басы – ХVIII ғасырда ел арасында «Көмекей әулие» атанған, есімі елге танымал тарихи тұлғаның бірі қасиетті Баянаула тумасы Бұхар жырау Қалқаманұлы. Г.Н. Потанин жазады: «Главное, что подчеркивается во всех преданиях о Бухаре, – он жырау Аблай хана, его осиетши – наставник и прорицатель, вещий певец. По преданиям, у Бухара «комекей аулие» - «святая гортань». На советах и в походе хан не обходился без помощи жырау, без его советов» [10, 358 б.]. Тарихшы М.А. Алпысбестің мәліметтерінше жыраудың көмекейі бүлкілдеп, әр сөзі қара өлең ұйқасымен ғана беріліп отырған екен. Деректер бойынша Бұқар жырауға өте маңызды сәттерде қазақ жауынгерлерінің сардарлары Қаңжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай және т.б. батырлар ақыл –кеңестеріне жүгініп отырыпты [10, 359 б]. Әсіресе жырау «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жоңғарларға қарсы халықтың күшін біріктіруде маңызды рөл атқарған. Бұхар жырау жайлы XVIII ғасырлардағы саяхатшылар, зерттеушілерінің көпшілік еңбектерінен кездестіруге болады деп жазады Б. Кенжебаев [10, 358 б.].
Ел арасындағы Бұқар жыраудың жырлары хатқа түсіп бізге жетуіне үлес қосқан М.Ж. Көпеев. Кейбір фольклор материалдарын М.Ж. Көпеев «Дала уәлаяты газетіне» шығарса, ал М.Ж. Көпеевтің қолжазбаларының екінші томында «Бұқар жырау өлеңдері» деген арнайы бөлім бар. Негізі жыраудың жырларының мазмұндық құрамы әр алуан және кең сипат алады. Мысалы: «Садыр, қайда барасың», «Ханға жауап айтпасам», «Он екі айда жаз келер», «Сәлем бір сөздің анасы», «Бұл үйрек», «Ай заман-ай, заман-ай» т.б. [11, 102 б.]. Жалпы жиырма алты жыры сақталған екен. Көбіне Бұхар жыраудың жырлары туған өлкесі Баянаулада танымал. Жергілікті халық әлі күнге дейін жыраудың жерленген жерін киелі санап, құран бағыштап, ерекше қадірлейді.
Кереку – Ертіс өңіріңің бойына киелілік дарыған тұлғасы бұл – М.Ж. Көпеев. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, кесенесі Жаңажол ауылынан солтүстікке қарай 17–18 шақырым қашықтықта Ескелді елді мекенінде орналасқан (Павлодар облысы Баянауыл ауданы). Қазақ халқы Жүсіптің білімі мен талантын жоғары бағалады, оның даңқы күллі Сарыарқаға тарады, сондықтан «Мәшһүр» атанды, бұл сөз араб тілінен аударғанда «даңқты, атақты, құрметті» деген мағынаны білдіреді. Ақын өзінің биографиялық туындысында былай деп атап өткен:
Бес жаста «бісмілля» айтып жаздым хатты,
Бұл дүние жастай маған тиді қатты.
Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде,
Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» атты [12, 84 б.].
Кеңестік кезеңдегі қиын уақытқа қарамастан, көрнекті ғалымдар мен ағартушылар – Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов және тағы басқалары М.Ж.Көпеевтің мәліметтерін өз жұмысында қолдана отырып, оның мұрасын өскелең ұрпаққа беруге ұмтылды. Тәуелсіздік алған соң М.Ж.Көпеевтің мол мұрасын ғылымның әр түрлі саласының ғалымдары - философтар, тарихшылар, филологтар зерттей бастады. Олардың қатарынан Сәрсенбі Дәуітов, Уәлихан Қалижан, Алмас Шағырбаев, Досай Кенжетай, Сейфуддин Сүтжанов, Айтмұхамбет Тұрышевтарды, М.А. Алпысбес сонымен қатар атақты тектің ізін жалғастырушы ұрпақтары – Қуандық Жүсіпов, Нартай, Лаура және Естай Жүсіповтерді ерекше атауға болады.
М.Ж.Көпеев кесенесі оның көзі тірісінде салынған. Айрықша қасиетке ие жан болғандықтан әрі өзінің қайтыс болар күнін бір жыл бұрын білгендіктен, кесененің жоспарын жасап, бөлмелердің қалай орналасуы қажет екенін көрсетіп, туыстары мен жақындарына тапсырма береді. Бастысы – оның денесі жер қойнауына тапсырылмауы тиіс. Кеңестік билік жылдары мазары сырылды, бірақ денесі шірімей, сол қалпы сақталған. 2008 жылы М.Ж.Көпеевтің 150 жылдығына орай кешен ашылды. Кесене жанында мұражай орналасқан. Жаңажол ауылындағы музей 2016 жылы Ескелдіге көшірілді.
Кесене төбеде орналасқан, оған бір баспалдақтың 73 сатысымен жетуге болады. Бұл сандар атақты ойшылдың өмір сүрген жасын білдіреді. Кешен ұрпақтарының бақылауы мен қарауында. М.Ж.Көпеевтің туған немересі Қажымаған аға – шырақшы, барлық зиярат етушілер үшін дұға оқиды.
Қазіргі таңда кесенеде зиярат ету үшін түрлі мемлекеттен көп адам легі келеді. Бұл діни нысанның халқымыздың санасында маңызды сакралды мәнге ие екенін көрсетеді.
Исабек ишан хазірет (1792-1871 жж. ) – ХІХ ғасырдың діни қызметкері, ислам дінін алғаш таратушылардың ұрпағы, философ, ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Қазақ қоғамының ерекше әлеуметтік тобына жатады, дәстүрлі түрде исламның арабтық миссионерлерінің ұрпақтары болып саналатын «қожа» руының өкілі. Исабек ишан шежіресінде хазіреттің атасының аты Аққу ишан, әкесі Мұрат ишан деп көрсетілген. Исабек ишан бүкіл қыр еліне танымал, еліміздің оңтүстік өңірлерін қоныстандырған Саид қожа руынан шыққан. Исабектің әкесі Мұрат ишан XVII ғасырдың соңында, 20-21 жасында алғашқы болып Сарыарқаға қоныстанған. Ислам дінінің қырда таралуы «қожа» руының өкілдерімен байланысты. Бұл рудың өкілдері өз есімдеріне қоса «ишан» атауын алған. Кейін халық Исабек ишанды әулиелер қатарына жатқызды. Исабек ишан Қылдыкөл деген жерде өз елінде жерленген. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Исабек-ишанның құрметіне Ақкөл ауылында ишанның атымен аталған мешіт салынды.
Исабек-ишанның әулиелілігі туралы халық арасында аңыздар көп тараған. Соның бірнешеуін Ж.О. Артықбаев «Ақкөл-Жайылма өңірінің қожалары: тарихы мен қазіргі жағдайы» атты мақаласында жазады: «Исабек ишан інісі Мұхаммеднияз екеуі әкесі Мұрат ишанды жерлеп, Бұхар – Шарифтен керуенмен келе жатып қарақшыларға кезігеді. Ишан аты-жөнін айтқан соң қарақшылардың басшысы: «Қасиетті болсаң аспандағы ұшып бара жатқан қаздарды жерге қондыр»,- дейді. Сонда Исабек ишан екі рәкәғат намаз оқып, дұға жасағанда қаздар жанына келіп қонған. Қасиетіне бас иген қарақшылар ишан атадан кешірім сұраған» [13].
Қазіргі таңда Исабек ишан хазірет кесенесі – маңызды тарихи-мәдени мәнге ие киелі нысан. Қазақтардың синкретикалық түсінігінде Исабек ишанның жерленген жері хазірет аруағы қиындықтар мен ауыртпалықтарды еңсеруге көмектесетін қасиетті мекен болып саналады, сондықтан танымал әулиенің кесенесіне әлі күнге дейін еліміздің барлық өңірінен көп адам келеді.
Кереку-Ертіс әулиелерінің бірі – Таймас әулие. Бұл нысан Павлодар облысы Ертіс ауданы Ұзынсу ауылынан солтүстікке қарай 17-18 шақырым қашықтықта орналасқан. Таймас әулие Қыпшақ руынан, оның ішінде Бұлтын Қыпшақ, Ожырәли-Сағалдан шыққан әйгілі Қобыланды батырдың ұрпағы. Оның әкесі Түгел – XVIII ғасырдағы ұлт-азаттық соғыс кезінде жоңғарлардың басқыншылығына тойтарыс беруге сүбелі үлес қосқан атақты батыр. Түгел батыр Жазы, Қошқарбай батырлармен бірге жасақ жинап, Ертістің даласы үшін жоңғарлармен соғысып, жеңіске жеткен еді.
Аңыздардың бірінде Таймас туралы мынадай дерек кездеседі: Бірде Таймас қатты қиналып жатқан адам тұратын ауыл жанынан өтеді. Сол кезде Таймас әлгі адамның жан қиналысын сезіп, қол ұшын созбақ болып, ауылға бет алады. Ауылға кіре сала жергілікті тұрғындардан адамның жақында қайтыс болғаны туралы хабарды естиді. Әулие барлық адамның киіз үйден шығуын өтініп, салт-жораларды бастайды. Адамның мәйітін айнала отырып, киіз үйдің қабырғасына ілінген сырмақты қамшылайды. Соққылар жасалған орыннан сылдырлаған анық дауыс естіледі. Тылсым күштің соңынан қуып жүріп әулие сыртқа шығады да киіз үйдің сыртын айнала қамшылайды. Ұзақ уақыт қуалаған соң шаршаған әулие киіз үйге кіреді, бұл жолы қайтыс болған адам тіріліп, көзін ашады [14, 56 б.].
Таймас әулие зиратындағы кесене Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығының санасында киелі болып саналғандықтан маңызды қасиетті орын деп есептеледі. Қазақтар арасында әулиенің қайырымды істері, таң қаларлық күші туралы аңыздар сақталған. Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығы әулие туралы естелікті қастерлеп, зираты басында дұға қайырып, ас береді.
Шүрек ұлы Қараман абыз Далба тауларының өңірінде XIX ғасырда дүниеге келген. Шыққан жері Арғыннан, руы Айдабол, Қосқұлақ атасынан. Оның дүниеге келген және дүниеден қайтқан жылдарынан дерек жоқ. Жас шамасы Құрманбай абызбен шамалас деп Мәшһүр Жүсіп жазған екен. Ислам діні және оның негізгі ережелерінің білгірі болған. Орта Азиядағы Ташкент, Бұхара, Қарнақ және кезінде атағы бүкіл мұсылман әлеміне дүркіреген Шам еліндегі (Сириядағы) Дамаск қаласында діни білім алған. «Жын-пері оқуы Хасиданы бітірген адам» деп Мәшһүр атамыз жазбаларында әңгіме қылады. Білімін сәтті тәмамдаған Қараман абыз өз еліне оралып, халық арасында өзінің қабілеттері үшін үлкен құрметке бөленіп, абыз атанған.
Бұл институттың түркі заманынан бері қалыптасып, дамып келе жатқанын байқаймыз. Абыз – түркі тілдерінің төл сөздерінің бірі, елдің тәу ету жоралғыларына басшылық жасайтын әрі жаугершілік жағдайында жорыққа шығарда бата беретін, болжам жасап, жорамал айтатын, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік тәртіптің нормалары мен қағидаттарын жетік меңгерген беделді тұлғаны атайды. Белгілі ғалым М.А. Алпысбестің «Абыз – түркі текті қазақ халқының киелілік дәстүрінің институты» мақаласында: «Бұл сөздің де түптік морфемасы сол аба ұғымы. Мысалы, абдыра – сандықтың үлкен түрі; аб-жылан – жыланның үлкені, айдаһар. Аба – үлкен, алып деген мағынаны білдіреді. Абыз сөзі де осы аб, аба ұғымынан дамыған. Мұндағы – ыз жұрнағы істеуші, жасаушы мағынасында қолданылғандай. Аб – тылсым сиқыр, немесе аба – үлкен. Абыз –тылсым күш иесі, сиқыр істеуші, үлкендік жасаушы» - дейді [15]. Қараман абыздың өмір сүрген жылдары қазақ қоғамындағы абыз секілді ежелгі әлеуметтік институттардың әлі де болсын үлкен беделі болғанын байқаймыз. Осы дәуірде сиқыр, ерекше қасиет иелерін халық абыз атап, ерекше құрмет еткен еді. Көп жылдар бойы халқына қызмет еткен Қараман абыз Далба тауларында, Жаңатілек ауылына қарасты Қараман деген жерде жерленген.
Жалпы Ұлы Ертістің өңірі әулие – әнбиелеріміздің көзі түскен киелі мекен деп айтуға болады. «Ана жерде иең жатыр, мазары тұр» дегенде, адамдар лас әрекеттерге бармайды, ізгілікке ұмтылады. Осылайша халық санасында өмір сүріп жатқан әулиелер мәңгілікке тарих жадында қала бермек.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1.Қазақстан Республикасы президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» («Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания»). «Егемен Қазақстан», 12.04.2017.
2. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999. - 2 том. - 720 бет.
3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.
4. Уәлиханов Шоқан Тәңірі. Таңдамалы. – Алматы: халықаралық Абай клубы, 2013. – 392 бет.
5. Ермаганбетова К., Киелі жерлер аймақтық бренд ретінде // Ислами руханилық пен рациональдық және этно-мәдени дәстүрлер – діни экстремизмге қарсы іс-қимыл факторы ретінде. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдық мерейтойы аясында халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. – Астана: Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ баспасы, 2016. - Б. 366-369.
6. Қосанов Ә. Атыраудың әулиелері. – Атырау: Принт, 2000. – 184 б.
7. Әбжанов Х. Сакральді география: мәні, құрылымы, келешегі. // «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдар жинағы. – Астана: Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ баспасы, 2017. - 6-10 беттер.
8. Коншин Н.Я. Қазақ этнографиясына байланысты еңбектері. – Павлодар: ЭКО, 2005. – 310 б.
9. http://e-history.kz/kz/publications/view/3258
10. Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина (архивные материалы и публикации). – Алматы: Наука КазССР, 1972. – 379 с.
11. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 2 т. – Павлодар: ЭКО, 2013.
12. Көпеев М.Ж. Таңдамалы. Екі томдық. 1-т. – Алматы: Ғылым, 1990. – 273 б.
13. http://kozhalar.kz/20163445-aqkol-zhajylma-ongirining-qozhalary-tarihy-men-qazirgi-zhaghdajy
14. Жаманбалинов М., Бәделханов А. Түгел батыр және оның
ұрпақтары (тарихи аңыздар, шешендiк толғаулар, шежiре-деректер). - Павлодар: ЭКО, 1998. - 121 б.
15. http://edu.e-history.kz/kz/contents/view/1369
Уважаемые авторы! Кроме избранных статей в разделе "Избранные публикации" Вы можете ознакомиться с полным архивом публикаций в формате PDF за предыдущие годы.